Біз алаш қайреткерлерінің дара жолын басты бағдар етіп ұстанамыз – Ерлан Қарин

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ахмен Байтұрсынұлы сияқты жасампаз тұлғалардың еңбегі тәуелсіздік құндылықтарымен тікелей астасып жатыр. Астанадағы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жиырмасыншы ғасыр басында қазақ зиялылары ұйымдасып, халқының азаттығы үшін күреске шыққаны баршаңызға мәлім. Ахмет Байтұрснұлы осы күресте Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулат, Жақып Ақбаев сияқты серіктерімен бірге ұлттың көшін бастады.

Ахаң Алаш қозғалысының қарлығашы – Қарқаралы құзырхатын ұйымдастырды. Халықты оятқан «Қырық мысал», «Маса» поэзиялық жинақтарын шығарды, «Тіл құралдарын» жазып, елдің жаппай сауатын ашты. Ұлтты үн жариясы болған «Қазақ» газетінің бас редакторы болды. Бұл Ахаңның елге сіңірген өлшеусіз еңбегінің бір парасы ғана», -деді Мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ, ол Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген заман –қазақтың жоғын жоқтап, барын түгендеген дүбірлі дәуір деп есептейтінін жеткізді.

«Халқымыз үшін аса күрделі кезеңде олар нағыз ұлт қайраткері бола білді. Алаш арыстары өз замандастарының ғана емес, кейінгі барша ұрпақтың бойына ел үшін емірене еңбек етуге деген құлшынысты сіңіре алды. Қазіргі тәуелсіздік дәуірінің перзенттері сол тағылыммен сусындап келеді. Біз алаш қайреткерлерінің дара жолынан өнеге алып қана қоймай, оны әрдайым басты бағдар етіп ұстанамыз. Өйткені Ахаң сияқты жасампаз тұлғалардың еңбегі тәуелсіздік құндылықтарымен тікелей астасып жатыр», -деді Ерлан Қарин.


Соңғы жаңалықтар