Биылғы жылы Елбасының тікелей желісіне келіп түсетін сұрақтар көбірек болады деп күтілуде - Байланыс орталығы

None
None
АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Еліміздегі телефондандыру деңгейі мен интернет ресурстардың дамуы үдерісін ескере отырып, биылғы жылы Елбасының тікелей желісіне  келіп түсетін сұрақтар көбірек болады деп күтілуде. Бұл туралы бүгін Астанада  қарашаның 13-і күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей желі арқылы қазақстандықтардың сауалдарына жауап беретіндігіне байланысты  сұрақтарды қабылдау үшін құрылған Байланыс орталығының басшысы Әлия Ғалымова мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «2007 жылы Интернет конференцияға 5 мыңнан астам сұрақ келіп түсті. Енді еліміздегі телефондандыру деңгейі мен интернет ресурстардың дамуы үдерісін ескере отырып, тікелей желіге биылғы жылы ел азаматтары тарапынан жолданатын сауалдар көбірек болады деп күтілуде», деді ол.

 Ә. Ғалымованың сөзіне қарағанда, Байланыс орталығына осы күндері келіп түскен өзекті әрі маңызды сауалдарға Елбасы қарашаның 13-де тікелей эфир кезінде, яғни барлық республикалық телеарналарда жауап береді. Ал қалған сұрақтарға тиісті мемлекеттік органдар жауап қайтаратын болады. Жауаптар www.line.gov.kz сайтына орналастырылады.

 Оның айтуынша, бүгін ең алғашқы сауал Интернет арқылы  таңертен 7.30 кезінде, ал телефон байланысымен бірінші сауал 10.30-да келіп түскен. Сұрақтар негізінен денсаулық сақтау, білім және ғылым, «Болашақ» бағдарламасы төңірегінде, сондай-ақ «Жол картасын» жүзеге асыру, ғарыш саласын дамыту мәселелеріне қатысты.

Айта кетейік, орталық тәулік бойы, ал телефон желісі таңғы 8.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді.

Естеріңізге сала кетейік, байланыстың республика бойынша бірыңғай телефон нөмірі - 555-777, сондай-ақ сауалдарды www.line.gov.kz  Интернет желісі арқылы немесе  [email protected] электрондық  поштасына жіберуге болады.

 Қазанның 30-ы мен қарашаның 13-і аралығында жұмыс істейтін Байланыс орталығында техникалық құрамды есептегенде 100-ге тарта адам қызмет көрсететін болады.

Соңғы жаңалықтар