Биылғы жеті айда тауарлар өндірісі 2,1 пайызға өсті – Руслан Дәленов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында 2020 жылғы қаңтар-шілденің қорытындылары бойынша елдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тауарлар өндірісі 2,1 пайызға өсті. Сонымен бірге, көрсетілетін қызметтер 6,2 пайызға қысқарды. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 2,9 пайызға төмендеді. Жылдық инфляция 7,1 пайызды құрады. Бұл ескерілген инфляция дәлізінен төмен (8-8,5%)», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Оның сөзіне қарағанда, есепті кезеңде келесідей жағымды үрдістер байқалуда. Экономиканың нақты секторында өсім жалғасуда. Осы орайда құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салалары қамтылып отыр.

«Импорттың төмендеуі аясында оң сауда балансы сақталуда. Сонымен қатар, карантиндік шектеулерге байланысты сервистік қызметтер көлемінің қысқаруы, сондай-ақ мұнай өндіру қарқынының жоспарлы төмендеуі байқалады. Бұл экономиканың өсуін тежеуші факторы болды», - деді министр.

Ведомство мәліметінше, өндірістік секторда 2,1 пайызға өсім байқалады, оның ішінде құрылыста – 6,3, өңдеу өнеркәсібінде – 3,8, ауыл шаруашылығында – 2,5 пайызға.

Сонымен бірге, қызметтер секторы салаларында, оның ішінде жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 4,3 пайыздық, әкімшілік қызметтерді көрсету – 5,3, сауда – 11,9 және көлік қызметтері 15,6 пайыздық төмендеу көрсетті.

Бұл ретте, байланыс қызметтері 8,7 пайызға артты.

Осы жылғы маусымымен салыстырғанда шілде айында қызмет көрсетудің бірқатар салаларында өсім жалғасты. Яғни, бір айда қаржылық және сақтандыру қызметі 29 пайызға, баспана және тамақтану бойынша қызметтер – 10,2, деректер беру – 6,7, ұялы байланыс – 4,1, интернет желісі – 2,9 пайызға өсті.

Сондай-ақ жүк айналымы 5,6 пайызға, оның ішінде темір жол көлігімен – 5,5 пайызға, құбырлармен тасымалдау – 2,9 прайызға өсті.


Соңғы жаңалықтар