Биылғы жартыжылдықта мемлекет бюджетіне 7,15 трлн теңге салық түскен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жартыжылдықта мемлекет бюджетіне 7,15 трлн. теңге салық түсіп, жоспар 106,4%-ке орындалды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өткен алқа мәжілісінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің деректеріне қарағанда, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, мемлекеттік бюджетке салықтық түсімдер 2,3 трлн. теңгеге көбейіп, 1,5 есеге өскен.

Аталған кезеңде бюджетке 567,2 млрд. теңге сомасындағы қосымша резерв түсімдері қамтамасыз етілді. Камералдық бақылау мен салық аудитінің тиімділігі 162,7 млрд. теңгеге өскен.

2022 жылдың 1 жартыжылдығында мемлекеттік кірістер органдары салық және кеден бағытында 9,9 млн. мемлекеттік қызмет көрсетіп, оның ішінде 99%-і электронды түрде көрсетілген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда электронды қыметтер саны 1,9%-ке өскен. Одан бөлек, мемлекеттік кірістер органдарының Байланыс орталығына кеңес алу үшін хабарласқан азаматтардың 97%-і операторлардың жұмысына оң баға берген.

Алқа мәжілісінің қорытындысымен аумақтық департаменттерге сыбайлас жемқорлықпен күрес, бюджетке салықтық және кедендік түсімдер жоспарының орындалуы, сондай-ақ қосымша резервтер түсімін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруға тапсырма берілді.

Айта кетейік, мәжіліс бейнеконференция режимінде өтіп, оған Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов төрағалық еткен. Жиынға аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшылары қатысты.


Соңғы жаңалықтар