Биылғы жартыжылдықта бюджетке 4 триллион теңге салық түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы жарты жылда мемлекеттік бюджетке 4 триллион теңге салық түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат мемлекетітк кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бюджет кірісі бойынша жоспар бірінші жартыжылдықта ойдағыдай жүзеге асырылған. Мемлекеттік бюджет жоспары - 102,6%, республикалық бюджет - 101% және жергілікті бюджеттер - 107,5% орындалды.

Бұл туралы бүгінгі Мемлекеттік кірістер комитетінің басшысы Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен алқа отырысында белгілі болды. Алқа жұмысына аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшылары, ҚР ҚМ МКК орталық аппаратының басшылық құрамы мен қызметкерлері қатысты.

Мемлекеттік бюджеттің 4 126,0 млрд теңге деп есептелген жоспар 108 млрд теңгеге асыра орындалып, нақты 4 234 млрд теңге түсті, оның ішінде:

- республикалық бюджетке жоспарланған 3 094 млрд теңге болса, 31 млрд теңгеге асыра орындала отырып, 3 124 млрд теңге түсті;

- жергілікті бюджетке 1 032 млрд теңге жоспармен 1 109 млрд теңге түсті, 77 млрд теңгеге асыра орындалды.

Сонымен қатар, салықтық және кедендік әкімшілендіру есебінен бюджетке салықтар мен кедендік төлемдердің қосымша түсімдері бойынша жоспар 162% орындалды.

Жоспар бойынша - 213,5 млрд теңге, нақты түсім - 345,8 млрд теңге.

Жартыжылдық жоспарды орындау бойынша ең жақсы көрсеткіштерге Атырау (106,7%), Ақтөбе (105,6%) және Маңғыстау (104,9%) облыстарының мемлекеттік кірістер департаменттері қол жеткізді.

Бірінші жартыжылдықта салықтық бақылауды жүзеге асыру кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану тиімділігі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 19,2 пайызға артқанын атап өту қажет. Кедендік тексерулердің тиімділігі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге артты.

Соңғы жаңалықтар