Биылғы үш айда 1,4 млн қазақстандық шет мемлекеттерге саяхаттады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы үш айда 1,4 млн қазақстандық шет мемлекеттерге сапарлады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 66% жоғары (2022 жылғы қаңтар-наурыз – 845,2 мың адам). ҚазАқпарат бұл туралы Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл ретте Қазақстанға 1,1 млн турист келген. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда 3,9 есе жоғары (2022 жылғы қаңтар-наурыз – 293,2 мың адам).

Ел ішіндегі туризмге келсек, биылғы алғашқы үш айда 1,3 млн адам (2022 жылы – 1,1 млн адам) ел өңірлерін саяхаттаған.

Қазақстанда туристерді орналастыратын 3 848 орын бар. Өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда олардың саны 92-ге артты. Бұл ретте қызмет көрсетілген демалушылар саны 1,5 млн адамды құрады.

Курортты аймақтарда 703 мыңнан астам адам демалды. Қаңтар-наурызда орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 43,1 млрд теңгені құрады, бұл да өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64,8% жоғары.

Айта кетейік, Қазақстанда 5 жұлдызды рейтингі бар 25 орын бар, олар бірінші тоқсанда173 мың қонақ қабылдаған.


Соңғы жаңалықтар