Биылғы санақ Қазақстан халқының өмір сүру деңгейінің артқанын көрсетті - Елбасы

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биылғы санақ Қазақстан халқының өмір сүру деңгейінің артқанын көрсетті.  

Бүгін ҚР Парламентінің кезекті сессиясын ашу барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ағымдағы жылғы халық санағы жұртшылықтың ақпараттық сауаттылығы деңгейінің артқанын куәландырады. Мәселен, жастары 15-тен асқан  қазақстандықтардың 34 пайызы компьютерде жұмыс істеуге машықтанған. Халықтың 20 пайызы интернетті пайдаланады, 12 пайызы - ағылшын тілін меңгерген. Ал мұндай көрсеткіштер деңгейін одан бұрынғы халық санағы барысында байқай алмаған болатынбыз. Ең бастысы, осы жылғы санақ Қазақстан халқының жақсы өмір сүріп отырғанын көрсетті», - деді Н. Назарбаев.

Елбасының айтуынша, соңғы он жыл ішінде зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер 3 еседен астам өскен. Ал шәкіртақы 6 есеге артса, Қазақстандағы жеңіл автокөлікке қол жеткізгендер саны 2,5 есеге көтерілген. Тұрғын үй қоры 24 млн. шаршыметрге ұлғайса, бұның жартысына жуығы ауылдық жерлерге тиесілі. «Біз осыдан екі онжылдық бұрын реформаларымызды жаңадан қолға алған тұста осы көрсеткіштерді басты нысанаға алған болатынбыз. Демек, біздің ұстанған бағытымыз дұрыс», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар