Биылғы санақ 2009 жылғыдан 2,6 есе арзан – Әлихан Смайылов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық санақта айқындалатын деректердің көбі мемлекеттік базаларда жоқ. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Самайылов Үкімет отырысында осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз халық санағын БҰҰ жариялаған 2020 жылғы халық және тұрғын үй қоры санақтарының Дүниежүзілік раунды аясында өткіземіз. Санақ барлық елдерде өткізіледі, биыл әлемнің 61 елінде санақ жүргізу жоспарланған. Білім беру, көші-қон, табыс, жұмыспен қамту, неке жағдайы, бала туу, бала тууды жоспарлау, тілдерді меңгеру дәрежесі, дінге көзқарас және адамның тыныс-тіршілігін шектейтін факторлардың болуы сияқты мәселелер бойынша толық ақпаратты алуға тек жаппай санақ қана мүмкіндік береді. Бұндай деректер мемлекеттік базаларда жоқ», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, санақ жүргізу кезінде қағаздың орнына планшет қолдану шараның шығындарын біршама азайтпақ.

«Цифрлық технологиялардың енгізілуіне, процесті автоматтандыруға және қағаз құжаттың орнына планшеттерді қолдануға байланысты санақ 2009 жылғы санақтың шығындарына қарағанда 2,6 есе арзан. Бұл ретте деректердің сапасы мен ақпаратты жинау жеделдігі айтарлықтай жақсарады. Санақ аяқталған соң планшеттер мектептер мен ауруханаларға беріледі. Санақ жүргізу - бүкіл қоғамның қатысуын талап ететін ауқымды іс-шара. Сонымен бірге, талдау кейбір өңірлерде, атап айтқанда Маңғыстау облысында, Шымкент қаласында, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында дайындық жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмей жатқанын көрсетеді.

Осыған байланысты барлық жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар Іс-шаралар жоспарын қатаң ұстануы және белгіленген мерзімдерде ұлттық халық санағының сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар