Биылғы «Нұрлы көш» бағдарламасының ілкі жобасы енді бес облыста жүзеге асырылады - Г.Әбдіхалықова

None
None
А. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Биылғы «Нұрлы көш» бағдарламасының ілкі жобасы енді бес облыста жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен алқа мәжілісінен кейінгі брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көші-қон саясаты бойынша «Нұрлы көш» бағдарламасын ары қарай жүзеге асырамыз. Осы жылы бес облыста ілкі бағдарламалар жалғасатын болады. Өткен жылы тек үш ілкі жоба болса, енді Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында жалғасады»,-деді ведомство басшысы.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, бүгінде оралмандардың келу квотасы 20 мың отбасыға дейін арттырылды. Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында «Нұрлы көш» бағдарламасының ілкі жобалары жүзеге асырылды. Осы бастаманың нәтижесінде 959 отбасы көшіп келді, олардың 253-і баспаналы болды.

«Атап айтқанда «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында келгендерге үй беру мәселелері белгіленген. Құжаттардың дұрыс болмауынан баспана алмағандар бар. Қазіргі кезде барлығы даярланып жатыр, яғни бір-екі айдың ішінде елге оралғандардың баршасы баспаналарына орналасатын болады», - деді министр алқа мәжілісінен кейінгі брифингте.

Соңғы жаңалықтар