Биылғы көктемгі егіс науқаны маусым айының басында аяқталады - Айдарбек Сапаров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 22,8 млн гектар құрайды. Б9л туралы ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көктемгі дала жұмыстарын толық көлемде және оңтайлы мерзімде жүргізу үшін жағдай жасауды тапсырды. Аталған тапсырманы орындау үшін барлық шараларды қабылдап, шаруалармен үнемі байланыста жұмыс жүргіземіз. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 22,8 млн гектар құрайды. Осы жылы әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар дақылдардың, оның ішінде картоп, қарақұмық, қант қызылшасы, майлы және жемшөп дақылдарының алқаптарын кеңейтуге ерекше назар аудару ұсынылды», - деді А. Сапаров Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, жалпы егіс жұмыстары оңтайлы мерзімде штаттық режимде өтуде. Шаруалар ылғал жабу, көктемгі жер жырту мен өңдеу сияқты маңызды технологиялық операцияларын уақтылы жүргізді.

«Қазіргі уақытта көктемгі дала жұмыстары республиканың барлық өңірлерінде жүргізілуде. Атап айтқанда, бүгінгі күні жалпы егіс алаңынан 16,7 млн гектар немесе 88,5 пайызы егілді, бұл өткен жылдан 1,5 млн гектарға артық. Соның ішінде: дәнді дақылдар - 13,1 млн га немесе 87,2%, майлы дақылдар 2,7 млн га немесе 93,6%. 1 млн гектар басқа да дақылдар себілді», - деді бірінші вице-министр.

Негізгі астық егетін облыстар мамыр айының ортасынан бастап егуге кірісті. Бұл ретте Ақтөбе, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында егіс жұмыстары аяқталды. Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарында аяқталу сатысында.

«Жалпы, облыс әкімдіктерінің деректері бойынша биылдың егіс науқанын 3 маусымға дейін аяқтау жоспарланып отыр», - деді Айдарбек Сапаров.


Соңғы жаңалықтар