Биылғы Канн фестивалінің жеңімпаздары белгілі болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 75-ші Канн фестивалінің бас жүлдесін Рубен Эстлундтің «Қайғы үшбұрышы» фильмі жеңіп алды. 2017 жылы швед режиссері «Квадрат» кинокартинасы үшін «Алтын пальма бұтағының» иегері атанған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.

Оңтүстіккореялық актер Сон Кан-хо жапон режиссері Хирокадзу Корээда түсірген «Брокер» картинасындағы жұмысы үшін үздік ер адам рөлін сомдаушы атанды.

Швед режиссері Әли Аббасидің «Қасиетті өрмекші» фильміндегі жұмысы үшін Иран актрисасы Захра Амир-Эбрахимиге үздік әйел рөлі сыйлығы берілді.

«Еуропалық киноның америкалық немесе англосаксон киноларынан айырмашылығы туралы айтатын болсақ, маған біріншісі ұнайтынын атап өткім келеді. Өйткені онда біз әрқашан да қоғамды толғандыратын мәселелерге назар аударамыз. Еуропалық киноларда біз қоғамды қалай жақсартуға болатынын, оның бізге несі ұнамайтынын, нені өзгерту керектігін айтамыз. Яғни, кинематограф – бір нәрсені жақсартудың әдісі, құралы. Өйткені, бірдеңені өзгертуге немесе жақсартуға ниет болмаса, фильм түсірудің мәні жоқ. Міне, Еуропа киносы осындай», - деді швед режиссері Рубен Эстлунд.

«Қайғы үшбұрышы» – «Титаниктің» ауыр тағдырын күтіп тұрған сәнді кеменің аса бай әрі ықпалды жолаушыларының апатқа ұшырағаны бейнеленген сатиралық драма.

Фильм – Швеция, Германия, Түркия және Францияның бірлесіп жасаған туындысы.

«Канн кинофестивалі өзінің 75 жылдығын кең көлемде атап өтті, сонымен қатар бүкіл әлем фильмдерінің көрсетілуі арқылы киноның үлкен экранға қайта оралуын атап өтті. Бірақ 2022 жылғы кино фестивалінде Еуропа мен еуропалық кино ерекше құрметке ие болды. «Алтын пальма бұтағы» шведтік Рубен Эстлундтың «Қайғы үшбұрышы» фильміне берілді. Гран-приді «Жақын» кинокартинасы үшін бельгиялық режиссер Лукас Донт пен «Шаңқай түстегі жұлдыздар» фильмі үшін француз Клер Дени бөлісті», - деді Еuronews журналисі Фредерик Понсар.

Қазылар алқасының жүлдесін екі картина - бельгиялық режиссерлер Шарлотта Вадермерш пен Феликс ван Горнингеннің «Сегіз тау» фильмі мен поляк режиссері 84 жастағы Ежи Сколимовскийдің «Иа» фильмі алды.

Соңғы жаңалықтар