Биылғы екінші тоқсаннан бастап ұлттық экономика оң өсу аймағына шықты – Ұлтық банк

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Осы жылғы 5 айының қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 1,6 пайызды құрады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлемдік және ұлттық экономика 2020 жылы коронавирус пандемиясының таралуы аясында терең дағдарысқа ұшырады. Енгізілген локдаундар мен қатаң карантин шектеулерінің нәтижесінде Қытайды қоспағанда, бүкіл әлемде экономикалық белсенділік едәуір қысқарды. Халықаралық Валюта Қорының бағалауы бойынша әлемдік ішкі жалпы өнімнің жалпы төмендеуі 2020 жылы 3,3% болды. Осы жағдайларда Қазақстанда іскерлік белсенділікті және жұмыспен қамтуды қолдау үшін Мемлекет басшысының бастамалары бойынша Үкімет пен Ұлттық Банк ішкі жалпы өнімнің 9%-ы (6,3 трлн теңге) мөлшерінде бұрын-соңды болмаған дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын қабылдады. Сол соманың 2,3 трлн теңгесін Ұлттық банк қаржыландырды. Экономиканың зардап шеккен секторларындағы кәсіпорындарды қолдау, халықтың іскерлік белсенділігі мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету, импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін қаражат бөлінді», - деді А. Баймағамбетов 2020 жылғы бюджеттің атқарылуына қатысты Үкіметтің және Есеп комитетінің есептерін қарау барысында.

Оның айтуынша, биылғы 2-тоқсаннан бастап ұлттық экономика оң өсу аймағына шықты. Осы жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 1,6%-ды құрады. Қызмет көрсету секторының жандана түсуі, экономиканың шикізат емес секторларында жоғары инвестициялық белсенділіктің сақталуы экономиканы қалпына келтіруге ықпал етіп отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджеттің басым бағыттары төтенше жағдай кезінде азаматтарды және нақты секторды қолдауға арналған шығыстар болғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар