Биылғы Боао Азия форумы алғаш рет жабық цикл жүйесінде өтеді

None
None
BOAO. ҚазАқпарат - Боао Азия форумы-2022 (БАФ) тарихта алғаш рет жабық циклді жүйеде өтеді. Бұл туралы БАФ хатшылығының мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл сайын өтетін конференция осы сәрсенбіде ашылып, үш күнге созылады. Оған қатысушылар оқшауланған қонақүйлерден БАФ конференциясы өтетін орынға көлікпен жеткізіледі.

«Жабық цикл» режимі Мейлан халықаралық әуежайынан (Хайкоу қаласы, Хайнань) басталады. Қатысушылар Боао Азия форумы өтетін Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань провинциясына сапарға шықпас бұрын ПТР тестін үш рет тапсыру керек. Сонымен қатар, конференция барысында коронавирусқа күн сайын тест тапсырып отыруы тиіс. Бұл процедурадан өтпегендерге БАФ алаңдарында өтетін іс-шараларға қатысуға тыйым салынады.

Биылғы конференция «Әлем және пандемия: жаһандық даму және ортақ болашақ үшін өзара қарым-қатынас» ұранымен өтеді.

БАФ ұйымдастырушылары форумның офлайн және онлайн режимінде өтетінін мәлімдеді. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған саясаткерлер мен үкімет мүшелері, халықаралық ұйымдардың басшылары, беделді ғалымдар мен саясаттанушылар, сондай-ақ ірі халықаралық корпорациялардың өкілдері қатысады.

2001 жылы негізі қаланған Боао Азия форумы – 29 мемлекет мүше, оның ішінде Қазақстан да бастамашы болған халықаралық үкіметтік емес ұйым. Оның мақсаты – Азиядағы аймақтық экономикалық интеграцияны қолдау.


Соңғы жаңалықтар