Биылғы Азаматтық форумның басты ерекшеліктері қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов биыл онлайн форматта өтіп жатқан ІХ Азаматтық форумның ерекшеліктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғам және мемлекет: #Birgemiz әріптестік пен дамудың 30 жылы» деген айдармен ІХ Азаматтық форум алғаш рет онлайн форматта өтіп жатыр. Оның мақсаты – ашық диалог, қоғамның ұлттық бірлігін нығайту, азаматтық бастаманы дамыту үшін ҮЕҰ-лар мен мемлекеттік органдардың күш-жігерін жұмылдыру. ІХ Азаматтық форум еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Сондықтан мұнда көтеріліп отырған әр мәселенің орны бөлек, өзекті. Өйткені ел әлеуетін көтеру, халықты күнделікті мазалайтын мәселелерді шешу – мемлекеттің үнемі назарда ұстап келе жатқан ұстанымы. Бұл туралы ел Президенті де үнемі айтып келеді», - деді вице-министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Болат Тілеповтың айтуынша, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ІХ Азаматтық форумның идеялық мазмұнына арқау болып отыр.

«Осымен төртінші күнге жалғасып отырған биылғы форумның ерекшелігі қандай? Біріншіден, форумға қатысудың баршаға ортақ қолжетімділігі жолға қойылды. Форумның бағдарламасы таңғы жетіден түнгі он екіге дейін жалғасады. Форумның YouTube пен әлеуметтік желілердегі парақшаларында тікелей көрсетілім ұйымдастырылған. Бұрынғы форумдарға республиканың барлық аймағынан санаулы делегаттар сайланып, бар-жоғы 700-800 адам қатысса, биыл онлайн форматтағы қатысушылар санына шектеу жоқ. Азаматтар кез келген өңірден онлайн қосылып, қоғамды толғандыратын түйткілді мәселелер бойынша пікірталасқа қатысуға мүмкіндік алды», - деді ол.

Вице-министр қазірдің өзінде форумның шараларын он мыңға жуық адам онлайн көргенін айтады.

«Видеоконференция арқылы қатысқан белсенді азаматтар саны мыңнан асты. Екіншіден сұхбат алаңдарында өңірлік үкіметтік емес ұйымдар кеңінен қатысуда. Кәсіби ҮЕҰ-лар тек ірі қалаларда ғана бар деген пікір қалыптасқан. Оны биылғы форумның жұмысы толық жоққа шығарды. Өйткені біздің шараларға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарынан ғана емес, шалғай аудандарда жұмыс істейтін қоғамдық бірлестік жетекшілері де қатысуда», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар