Биылғы АЭФ-тың басты ерекшелігі қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов XI Астана экономикалық форумының негізгі ерекшелігін атады. Аталған шара 17-19 мамыр күндері өтеді. Форумның тақырыбы  - Global Challenges Summit 2018, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Биылғы форумның ерекшелігі сол, АЭФ үш күнге созылады. Алғашқы екі күн бойы қатысушылар жаһандық мәселелерді талқылайды. Ал, үшінші күні негізгі спикерлер қалып, күні бойы алты бағыт бойынша Қазақстан үкіметімен, сондай-ақ сарапшылармен бірге жұмыс істейтін болады. Негізгі мақсат - форум кезіндегі барлық идеяларды жазып алу, бізге лайықты ұсыныстарды іске асыру. Біз соның бәрін қағазға түсіріп, өз елімізде іске асыруға тырысамыз. Бізге нақты ұсыныстар қажет", - деді Т.Сүлейменов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Министрдің айтуынша, бұған дейінгі форумдарда жаһандық экономика, цифрландыру және тағы басқа мәселелер қаралса, биылғы форум кезінде ресурстар, роботизация, адамзаттың өзгеруі, агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктер, денсаулық саласының мәселелері талқыға салынады. Осылайша, АЭФ-тың күн тәртібі кеңейіп отыр.

"Біз жаһандық мәселелерді талқылауға қорықпаймыз. Давос және тағы басқа жаһандық алаңдарда көтерілетін мәселелерді біз де көтереміз. Қазақстан, я болмаса, Орталық Азия аясындағы мәселелермен шектелмей, жаһандық маңызы бар проблемаларды талқыға салатын боламыз", - деп атап көрсетті Т.Сүлейменов.

Айта кетейік, XI Астана экономикалық форумына қатысатын спикерлер саны рекордтық көрсеткішке жетеді.

Соңғы жаңалықтар