Биылғы 7 айда Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 3,5% артты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы 7 ай ішінде Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 13,7 млрд долларға жетті. Ал, былтыр дәл осы кезеңде екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 13,2 млрд болған еді. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Мәскеуге жұмыс сапары барысында РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчукпен кездесіп, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын талқылады.

Келіссөздер аясында Қазақстан тарапынан көтерілген ең маңызды мәселелердің бірі – «Астрахань-Маңғышлақ» су таратқышын қайта құру жобасы. Сонымен қатар, Ресейге болат өнімдерін жеткізу, қазақстандық көмір мен темір кені шикізатының транзиті және Қазақстанға тауарларды кедергісіз жеткізу мәселелері де қаралды.

Тараптар екі ел арасындағы өзара сауданың оң динамикасын да атап өтті. 2022 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 13,7 млрд доллар болды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға көп», - деп мәлім етті ведомствоның баспасөз қызметінен.

Қоса кетсек, Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 50 пайызға артқан болатын.


Соңғы жаңалықтар