Биылға - 50 пәтер: Жастарға арналған баспана енді Қостанайда іске қосылады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында «Жас шаңырақ» бағдарламасын орындау мақсатында жол картасы әзірленіп, бекітілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Instagram парақшасында кеңірек айтып берді.

Айта кету керек, жастарға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы биыл 50-ге жуық жас отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Келесі жылы 100 пәтерге дейін ұлғайту жоспарланған.

Бағдарламаға қатысатын үміткерлер Қостанай қаласында кемінде 2 жыл тұрақты тіркелген, қала аумағында талап етілетін салаларда кемінде 1 жыл жұмыс өтілі болуы міндетті.

«Үміткердің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің ҚР аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйі және соңғы 5 жыл ішінде иеліктен шығару фактілері, сондай-ақ ҚР аумағында мемлекеттік бағдарламалар желісі бойынша алынған жалға берілетін тұрғын үй болмауы тиіс. Бағдарламаға қатысушы немесе отбасы мүшелері кәмелетке толғанға дейін алған жылжымайтын мүліктегі үлесі жекешелендіру немесе мұрагерлік құқығы есепке алмағанда. Өтініш берушінің сатып алынатын тұрғын үйді келесі 5 жыл ішінде иеліктен шығаруға құқығы жоқ» деп жазады облыс әкімі.

Отбасының бір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 айдағы табысы 6 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.

Айта кетейік, бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

Бағдарламаны әзірлеу кезінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаласы, Қарағанды және Жамбыл облысында жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыру тәжірибесі негізге алынды.

Қостанай - осы бағдарламаны жүзеге асыратын 5-ші өңір.


Соңғы жаңалықтар