Биылдан бастап СҚО-да бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанады - әкім

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 1 қыркүйектен бастап СҚО-ның барлық мектептеріндегі бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады. Бұл туралы облыс басшысы Айдарбек Сапаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Солтүстік Қазақстан облысында 1 қыркүйектен бастап барлық мектептердің бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, қауіпсіздікті қамту мақсатында мамандандырылған күзет пен турникеттер қоюға 540 млн теңге бөлінді. 7 жылда алғаш рет Петропавлда жергілікті бюджет есебінен 420 орындық 2 балабақша салу жоспарланып отыр. Бұл балалардың 95%-ын мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуға мүмкіндік береді», - деді Айдарбек Сапаров орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде бірнеше мектеп салынбақ.

«2025 жылға дейін 7 мектеп, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2 700 орындық 4 мектеп салу жоспарда. Биыл 1 020 орындық үш мектеп тапсырылады. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 56%-ға ұлғайды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 46 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған», - деді әкім.


Соңғы жаңалықтар