Биылдан бастап қазақстандықтар Вьетнамға визасыз бара алады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық, жалпыазаматтық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қою туралы» Үкімет қаулысының жобасы әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық, жалпыазаматтық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің жобасы мақұлдансын. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Әбуғалиұлы Нұртілеуге осы келісімге ҚР Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта.

Қаулы жобасында көрсетілгендей, енді қазақстандықтар Вьетнамға, тиісінше ол ел азаматтары Қазақстанға 30 күнге визасыз келе алады.

«Егер адамдар екінші мемлекет аумағында 30 күннен артық қалуға ниет білдірсе, осы мемлекеттің заңнамасы мен нормативтік актілеріне сәйкес талап етілетін тиісті виза алуға міндеттеледі», - деп жазылған келісімде.

Құжат 2 маусымға дейін көпшілік талқылауда болады.

Қоса кетсек, 17 мамырда Қазақстан мен Қытай өзара визасыз режим туралы келісімге қол қойды.


Соңғы жаңалықтар