Биыл «Жұртқа жақын полиция» қағидаты жүзеге асырылады - ІІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл жұртқа жақын полиция қағидатын іске асыру жылы болады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жыл құқық бұзудың алдын алу және жұртқа жақын полиция қағидатын іске асыру жылы болады. Бұл туралы ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев ведомствоның алқа отырысында мәлімдеді. Мемлекет басшысы өткен жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Ішкі істер министрлігіне жергілікті полиция қызметін реформалауды тапсырды. Жаңа жылдың басынан бастап жергілікті полиция қызметін реформалау жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған жоспар күшіне енді», - деді Нұрділдә Ораз ведомствоның баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Оның айтуынша, қазақстандық полицияны жұмыстың сервистік моделіне көшіру үшін «қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдер» ілкі жобасы іске қосылған.

Ол құқық бұзу себептері мен жағдайларын талдауды, оларды жою бойынша ұсыныс әзірлеуді, сондай-ақ халықты құқық бұзудың алдын алу процесіне тартуды көздейді.

«Министр атап өткендей, сервистік модельге көшу және «жұртқа жақын полиция« қағидатын іске асыру - ведомствоның маңызды басымдықтары болып саналады. Бұл жұмыста негізгі рөл құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы негізгі буын ретінде учаскелік полиция инспекторлары қызметіне беріледі. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, учаскелік полиция қызметкері азаматтар үшін танымал, қол жетімді, беделді болуы керек. Олардың құқықтарын белсенді қорғауы тиіс», - деді ресми өкіл.


Соңғы жаңалықтар