Биыл жүргізуші куәлігінен айырылса да мас күйде рульге отырған 33 адам ұсталды - ШҚО

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жүргізуші куәлігінен айырылса да мас күйде көлік тізгіндеген 33 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылдың 5 айында тәртіп сақшылары көлік құралын басқару құқығынан айырылса да ішімдік ішіп рульге отырған 33 адамды ұстаған. Оның ішінде 24 факті бойынша сот ісі қаралып, үкім шығарылды.

«Мәселен, Риддер қаласында полиция қызметкерлері 7 жылға автокөлік айдау құқығынан айырылғанына қарамастан мас күйде көлік жүргізген 37 жастағы тұрғынды анықтады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігіне (көлік құралын басқару құқығынан айырылған және мас күйдегі тұлғаның көлік құралын басқаруы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Осы ретте, департамент мамандары жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өңір жұртшылығын жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға және белгіленген жылдамдық режимін асырмауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар