Биыл жол-көлік оқиғалары 14%-ке көбейген - Үкімет

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда жол апаттарының саны 14%-ке, қаза тапқандар саны 18%-ке көбейді. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық сарапшылардың деректері бойынша түрлі ауру-сырқаулар мен табиғи апаттарға қарағанда көлік апатынан қаза болатындар саны көп. Қазақстан жол қауіпсіздігі бойынша әлемдік рейтингіде 107-орында тұр. Дамыған елдерге қарағанда бізде жол апаттарынан қаза табу ықтималдығы 11 есе жоғары. Жалпы, елімізде жол қауіпсіздігіне қатысты жағдай өте күрделі», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

8 айда жол апаттарының саны 14%-ке өскен. Қаза тапқандардың саны 18%-ке көбейді. Орта есеппен тәулігіне 5-6 адам жолда қаза табады.

«Бұл – өте ауыр жағдай. Әлемдік тәжірибеде қауіпсіздік 3 компонент арқылы, яғни «Жүргізуші – Автомобиль – Жол» бойынша бағаланады. Өкінішке орай, бізде жүргізушілер арасында көлік жүргізу мәдениеті өте төмен. Жол ережесін жиі бұзатын шамамен 71 мың жүргізуші анықталды. Олардың кейбірі биыл жол ережесін 150 рет бұзған. Әрине, мұндай жүргізушілерді қатаң жазаға тарту керек», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетсек, жыл басынан Ақтөбе облысында 74 адам жол-көлік апатынан көз жұмды.


Соңғы жаңалықтар