Биыл Жетісудағы Алакөлде 5,5 млрд теңгенің қызметі көрсетілген

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысындағы Алакөл, Қапшағай, Балқаш көлдері маңындағы демалыс аймақтары тынығушыларға 6,7 миллиард теңгенің қызметін көрсеткен. Мұның ішінде Алакөл көш бастап тұр, бұл аймақтың үлесі - 5,5 млрд теңге, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ал Қапшағай су қоймасында бұл қаржы көлемі 750 млн теңгеге жетсе, Балқаш көлін таңдағандарға 32 млн теңгенің қызметі көрсетілген. 

Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаеваның сөзінше, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Ал биылғы шомылу маусымы кезінде Алакөл жағалауы мен Балқаш көліне және Қапшағай су қоймасына барып демалғандардың қатары 1 миллион 400 мың адамнан асқан. Осылайша, былтырғы жылмен салыстырғанда қазақстандық туризмді таңдағандар саны 32 процентке көбейіп отыр. Жыл соңына дейін Жетісудың туризм аймақтарына баратындардың қатары 2 миллионға жуықтап, оларға көрсетілетін туристік қызмет көлемі 10 миллиард теңгеге жетеді деген болжам да бар. 

«Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны әзірлеу аясында Алакөл көліндегі туризмді дамыту бойынша  мастер-жоспар дайындап жатырмыз. Бұл үлкен құжат болады. Бұл жерде біз туризмді дамытуда кешенді шараларды қарастырып отырмыз», -деді Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева.

Естеріңізге сала кетейік, Президенттің мамыр айындағы Алматы облысына сапары барысында облыс басшысы Амандық Баталов Алакөл ауданында көрсетілген қызмет көлемі 2017 жылы 3,5 миллиард теңгеге жеткенін айтқан болатын. 

«Соңғы төрт жылда облыста туристік қызмет көрсету көлемі екі есе артты. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 3,9 миллиард теңгені құраса, 2017 жылы 8,3 миллиард теңгеге жетті. 2018 жылы бұл көрсеткішті 10 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алакөл ауданында көрсетілген қызмет көлемі 2017 жылы 3,5 миллиард теңгеге жетіп, 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда 8 есе артты», - деген болатын өңір басшысы. 

Айта кету керек, біз бұған дейін халықаралық сарапшылар Алакөлдің бас жоспарын дайындап жатқанын хабарлаған болатынбыз. Осының аясында сарапшылар Алакөлдің маусымдық мерзімін ұзартуды ұсынды. 

Соңғы жаңалықтар