Биыл жергілікті өзін-өзі басқарудың кірістері артты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл жергілікті өзін-өзі басқарудың кірістері артты. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылы кірістердің өсуі жалғасуда. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, жергілікті өзін-өзі басқарудың өз кірістері 23,5 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 15 пайызға (3,1 млрд теңге) артық», - деді министрі Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Сонымен қатар, Р. Дәленов жергілікті өзін-өзі басқару шығыстарына тоқталды.

«Табыс өсуінің арқасында шығыстар өсуде. Бұл ретте, реформаның екінші жылында ауылдық округтердің шығыс мүмкіндіктері кеңейді. 2018 жылы шығыстар 125 млрд теңгені, 2019 жылы – 162 млрд теңгені құрады, яғни шығыстар 30 пайызға (37 млрд теңге) ұлғайған. 2018 жылдағыдай шығыстардың негізгі үлесі мектепке дейінгі білім беруге, әкімшілік шығыстарға және абаттандыруға тиесілі. Бұл ретте абаттандыруға жұмсалатын шығыстар 56 пайызға (9,57 млрд теңге), ал мектепке дейінгі білім беруге 27 пайызға артты (15 млрд теңге).

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттің IV деңгейі халық саны 2 мыңнан асатын 1055 ауылдық округте енгізілді.

Бұл қазіргі барлық ауылдық округтердің 44 пайызын құрайды. 2020 жылдан бастап қалған 1 338 ауылдық округте енгізілетін болады.

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ауылдық округтердің өз кірістерін өсіруге әсер еткен үш факторды атады.

Соңғы жаңалықтар