Биыл жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 353 млрд теңге бөлінді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков өңірлердегі жолдарды жөндеуге 300 млрд теңгеден астам қаражат бөлінгенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірлердің орталықпен көлік арқылы ішкі байланысын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті автожолдар желісін дамыту жалғасып келеді. Айта кетейік, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар, сондай-ақ, қала ішіндегі көшелер желісін дамыту, жөндеу және күтіп-ұстау жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Қазіргі кезде 70 мың шақырым жергілікті желі жолдарының 85 пайызы нормативтік жағдайда, бұл көрсеткіш 59,5 мың шақырымды құрап отыр», - деді А. Беков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл жергілікті маңызы бар жолдардағы құрылыс, реконструкция және жөндеуге 353 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте республикалық бюджет есебінен - 154,5 млрд теңге, жалпы сипаттағы трансферттер - 147,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен - 51 млрд теңге.

«Бөлінген қаражат есебінен 4 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланып отыр. Биылдың қорытындысы бойынша жергілікті жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі республика бойынша орташа есеппен 87 пайызға дейін жеткізілмек», - деді комитет өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92 пайызға және жергілікті желі бойынша 87 пайызға дейін жеткізілмек.

Жыл аяғына дейін «Орталық – Оңтүстік» дәлізі бойынша жол учаскелері ашылады.

Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салуға жер беру рәсімі жеңілдетіледі.


Соңғы жаңалықтар