Биыл жабылған 9 банктің салымшылары өтемақыны қалай алуына болады
2022 жылғы 9 тамыз 20:08

Биыл жабылған 9 банктің салымшылары өтемақыны қалай алуына болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жабылған банктерден өтемақысын уақытылы алмаған салымшылар өтініш беру арқылы ақшасын қайтаруына болады. Бұл орайда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры өтініш беру тәсілдерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Қазақстанда 9 банк жабылды. Олар - «Қазинвестбанк» АҚ, «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ.

Аталған банктерде депозиті бар салымшыларға кепілдік өтемақы төлеу мерзімі аяқталды. Қаражат азаматтардың зейнетақы қорына аударылды.

Дегенмен осы аралықта қандай да бір жағдайға байланысты өтемақы ала алмай қалған азаматтар да бар.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының дерегінше, кешіккен адамдар дәлелді себептерін растап, қазір де өтініш бере алады.

Дәлелді себеп бойынша өтемақыны таратылатын банктерде жеке шоты бар адамдар немесе салымшылардың мұрагерлері алуға құқылы.

Дәлелді себеп болып есептелетін жағдайлар:

- Әскери қызметке орналасу;

- Қазақстан Республикасының территориясын тыс жерде болу;

- Салымшының мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер;

- Бас бостандығынан айыру орындарында болу;

- Сот анықтаған өзге де мән-жайлар.

Осы аталған жағдайлар мен себептерді құжат түрінде растайтын ресми анықтама болса, онда депозиттерге кепілдік беру қорына өтініш жолдауға болады.

Өтініштің үлгісі ҚДКБҚ сайтында жарияланған. Салымшы оны қағаз күйінде шығарып, дәлелдемелерін енгізіп, аталған органға тапсыруы тиіс.

Депозиттерге кепілдік беру қоры өтінішті 5 жұмыс күні ішінде қарайды. Ол осы уақыт ішінде кепілдік өтемақыны төлеуге тиіс. Алайда, құжаттар сәйкес келмеген жағдайда өтініш кейін қайтарылады. Қаражат салымшының өзі көрсеткен банк шотына аударылады.

Егер қандай да бір себептерге байланысты өтініш мақұлданбаса, онда салымшы құжаттарды тексеріп, өтінішті қайта жолдай алады.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT