Биыл ұлттың үні болған қос радионың мерейлі мерекесі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биыл қазақ радиосына – 100 жыл. Оның тарихы 1921 жылдан бастау алады. Осы уақыт аралығында тыңдарманның жүрегінен ерекше орын алған, ұлттың үн жариясына айналған қара шаңырақтың бүгінгі тыныс тіршілігі қандай? Бұл сауалға ҚазАқпарат тілшісі жауап іздеп көрді.

«Қазақ» және «Шалқар» радиоларының Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлының айтуынша, қазақтың үнін қазаққа жеткізіп жатқан «Қазақ радиосының» орны қашан да ерекше.

«Биыл қазақтың үн жариясы Қазақ радиосының ғасырлық тойы, сонымен қатар тәулігіне 18 сағат хабар тарататын «Шалқар» радиосына 55 жыл толып отыр. Жалпы, «Қазақ Радиолары» ЖШС 2017 жылы серіктестік болып құрылды. Оның құрамына «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Астана» радиосы және биыл құрылғанына 10 жыл толған «Классика» кіреді. Серіктестіктің бас директоры Ернұр Бурахан», - дейді ол.

Қазақ радиосы тұтас бір ұлттың тіршілік тінін, қайталанбас мәдени болмысын ұлағаттап келе жатқан ақпарат құралы. Оның тарихы тереңде.

«Қазақ радиосының байырғы қызметкері, профессор, журналистика саласындағы біздің ұстазымыз Намазалы Омашұлы 2001 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақ радиосына қанша жыл» деген зерттеу мақаласын жариялады. Яғни, Намазалы Омашұлы Мәскеудің бес архивінен табылған деректерге сүйене отырып, қазақ радиосы 1921 жылы хабар тарата бастағанын дәлелдеді. Кейбір ғалымдар қазақ радиосының тарихын 1931 жылдан бастайды, бұл да негізсіз емес. Өйткені сол жылы Алматыда мамыр айының басында үлкен алғашқы радиостанция салынған. Яғни, 1930-40 жылдар аралығын қазақ радиосының қалыптасу, даму кезеңі деп айтуға толық негіз бар», - дейді ол.

Спикердің айтуынша, соғыс жылдары қазақ радиосына жұмысқа мектеп оқушылары тартылған.

«1931 жылы қазақ радиосының ресми алғашқы басшысы Айтпай Хангелдин болды. Одан кейін соғыс жылдарында басшылық қызметке Ғазиз Оспанов тағайындалған. Сол кісілердің пікірлері, берген сұхбаттары радионың алтын қорында сақталған. Ғазиз (Омарғазы) Оспанов ағамыздың айтуынша, соғыс жылдарында радиоға мектеп жасындағы жасөспірімдер тартылған. Сол заманда 1947 жылы техникумды бітіріп келген Зәмзәгүл Шәріпова жұмыс істеген. Ол кезде Зәмзәгүл апамыз небәрі 15-16 жаста болған. Сондай-ақ, бірқатар өнер адамдары радионың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Солардың қатарында Шәкен Айманов та бар. Қазақ радиосының қарлығашы диктор Мина Сейітова 1934 жылы 15 жасында диктор болып жұмыс істеді. Ол кісінің де даусы сақталған. Бізде бар», - дейді Бақыт Жағыпарұлы.

Қазақтың «Левитаны» атанған Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев қазақ радиосының мақтанышы. Ол 1943 жылы майданда жараланып, елге оралды. Сол жылы ол радиоға дикторлыққа шақырту алды. Өмiрiнiң соңына дейiн, 50 жылдай радиода қызмет атқарды. Қазақ радиосының алтын қорында бүгінде әйгілі диктордың оқуында 400-ден астам жазбалар, он мыңдай әдеби, музыкалық хабар сақтаулы.

«Әнуарбек Байжанбаев атамыздың Қазақ радиосына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол радиоға 18 жасында келген. Бұл кісі Мұқағали Мақтаевтың радиода жұмыс істеуіне ықпал жасаған. Қарап отырсаңыз радиода ұрпақтар сабақтастығы үзілген емес.Тұлғаның тұлғаға деген құрметі ерекше болған. Егер Мұқағали Мақатаев Әнуарбек атамыздың ықпалымен радиода жұмыс істемесе, біз ақиық ақынның дауысының қандай болғанын білмес едік. Өйткені, қазір Мақатаевтың оқыған өлеңдері Қазақ радиосының алтын қорында сақталған. Биыл радиоға – 100 жыл, М. Мақатаевтың – туғанына 90 жыл. Зәмзәгүл Шәріпованың туғанына – 90 жыл. Осының бәрі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр», - дейді журналист.

Сонымен қатар, ол Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған іс шараларға тоқталды.

«Қазақ радиосының ғасырлық тойына арналған шаралар басталып кетті. Бірнеше ғылыми конференция ұйымдастырылды, Алматы облысының қолдауымен «Қазақ» және «Шалқар» радиоларының мерейтойы аталып өтті. Жетісу жұртышылығы радио ардагерлері мен журналистеріне құрмет көрсетті. Сонымен қатар, мерейтойға орай Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Қазақ-Түрік халықаралық университетінде «Қазақ радиосы» дəрісханасы ашылды. Тағы бір айтарлығы, Қазақ радиосына көше атауын беру еліміздің оңтүстігіндегі Шымкент пен Қызылорда қалаларында сәнді де үлкен салтанатпен басталып, елорда төрінде өз жалғасын тапты. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласында да Қазақ радиосының құрметіне көше атауы берілді. Біз Алматы қаласының әкімдігі мен мәслихатына ұсынымхат жолдадық. Өзіміз отырған қара шаңырақ Желтоқсан, № 175 ғимаратын тарихи ескеркіштер тізіміне енгізуді сұрадық. Таяуда бұл оң шешімін тауып қалар. Сонымен қатар, ғимараттың сыртына «Радио үйі» деген мемориалдық тақта орнатылады және бірінші қабатта арнайы радио бұрышы ашылады. Фотоальбом әзірленіп жатыр», - дейді спикер.

Бақыт Жағыпарұлы сөз арасында «Шалқар» радиосы – ұлттық құндылықтарды дәріптейтін рухани-мәдени бағыттағы радио екенін тілге тиек етті.

«Алматы студиясына келер болсам, біз «Қазақ» және «Шалқар» радиосы бойынша оңтүстік астанадан хабар таратамыз. «Шалқар» радиосында таңғы бағдарламаны сағат 7:00 мен 10:00 аралағында тікелей эфирде таратып отырмыз. Кешкі сағат 18:00 -ден 19:00-дейін «Сазды сәлем» құттықтау бағдарламасы Алматы студиясынан шығады. Одан кейін кешкі сағат 20:00 мен 21:00 аралағында «Шалқар кеші көңілді» бағдарламасы тікелей эфирде Алматы студиясынан шығады. «Алматы түні» бағдарламасы аптаның бес күнінде әртүрлі тақырыпта тыңдармандарға жол тартады. Сонымен қатар, күн сайын «Кел балалар, оқылық» атты 15 минуттық хабарымыз бар.

Бүгінде Қазақ радиосы алтын қорымен мақтанады. Радионың алтын қорында 100 мыңнан астам дауыс бар. Оның ішінде музыкалық, әдеби хабарлар мен елге танымал тұлғалардың дауысы сақталған. Осы кісілердің үні болшақ ұрпақтың есінде қалу үшін «Шалқар» радиосы бойынша аптасына бес рет «Алтын қор» бағдарламасы ұсынылады. Бұдан бөлек, қазақ поэзиясын насихаттау мақсатында «Темірқазық» атты музыкалық сағатымыз бар», - дейді Алматы студиясының жетекшісі.

Бақыт Жағыпарұлының айтуынша, Қазақ радиосының «Достық» редакциясынан шығатын орыс, татар, неміс, өзбек, ұйғыр, украин және түрік тілдеріндегі хабарлар да елімізде тұратын ұлт пен ұлыстарды бір-біріне жақындастырып, мемлекеттің біртұтастығын сақтау жолында маңызды да зор рөл атқарады. Сонымен қатар, аптаның бейсенбісінде тікелей эфирде «Халық үні» деген хабар шығады.

«Ақын Талант Арынғали «Радио шежіре» бағдарламасын әзірлейді. Онда бұрынғы ардагерлеріміз насихатталады», - дейді ол.

Қазақ радиосы жаңа маусымға қызу дайындық үстінде.

«Қыркүйекте жаңа маусым басталады, осы кезеңге жаңа бағдарламалар әзірлейміз. Мұнда, журналистикалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни, тыңдарман қандай хабар тыңдағысы келеді немесе қоғамда қандай түйіткіл мәселелер бар, радио арқылы осыны зерделейміз. «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Ернұр Бураханның жетекшілігімен қазіргі уақытта пысықтау жұмыстары жүріп жатыр», - деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, радио үлкен ақпараттық сала, оның өзіндік ерекшеліктері бар.

«Радио – ақпараттың дәлдігі мен жылдамдығы. Олай дейтінім, телеарналар алдымен түсіреді, сосын монтаж жасайды, содан кейін барып эфирге шығарады. Радио қайнап жатқан оқиғаның ортасынан тікелей эфирде ақпаратты бере алады. Бізде жаңалықтар сағат сайын шығады. Десек те, егер шұғыл материал болып жатса кез келген хабарды бөліп, ақпаратты таратып жібереміз. Қазір – интернет заманы. Техика дамыған. Көлік айдап келе жатқан жүргізуші немесе кабинетінде радио қондырғысы бар дәрігер науқасты қабылдап отырып барлық жаңалықтан хабардар бола алады. Яғни, олардың әлеуметтік желіні ашып қарауға қолдары тимеуі мүмкін. Ал, радио осы жерде таптырмас ақпарат құралы. Біз осылай ерекшеленіміз.

Екіншіден, радионың талабы – үн, тіл тазалығы. Әрбір әріп өзінің орнында болу керек. Үшінші –сценарий. Бұл радио қызметкерінің дайындығы», - дейді радио жетекшісі.

Сонымен қатар, ол Алматыдағы радионың техикалық базасына тоқталды.

«Біздің техникалық базамыз жаңартылған. Негізі алты студиямыз бар. Оның үшеуінде алдын ала таспа жазылады, қалған үшеуінде тікелей эфирде хабар таратылады. Біз отыратын ғимарат шағын жөндеуден өтті. Жаңа жиһаздар қойылды», - деп атап өтті спикер.

Ғылыми-техникалық прогрестің, заманауи технологияның қарыштап дамыған кезінде радио да уақыт көшімен бірге келеді. Қазақ радиосын бүгінде ғаламтор жүйесінен де тыңдауға болады. Десекте, оң шешімін күтіп отырған мәселелер де жоқ емес.

«Жасыратын жоқ. Өткен ғасырдың 90 жылдарында біздің «Қазақ» және «Шалқар» радиосының хабарлары ауылды жер тұрмақ Алматы қаласы маңындағы елді мекендерге жетпей қалды. Бұл проблема әлі де бар. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің шекара маңындағы аудандарда Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін радиостансалар желісін кеңейту туралы шешімі негізінде радиохабар таратудың мемлекеттік желісін дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленді. Қазір «Қазақ» радиосы республиканың 89% аумағында хабар таратады және алдағы уақытта да еліміздің барлық шекаралас аудандарын қамтуды жоспарлап отыр», - дейді ол.

Сөз соңында кейіпкеріміз барша әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

«Кемедегінің жаны бір» дейді, жыл сайын 28 маусым журналистер күні аталып өтеді. Бұқаралық ақпарат құралындағы журналистер қауымы халық үшін жұмыс істейді. Оның айғағы – былтыр пандемия кезінде журналистер дәрігерлер сияқты алдыңғы шепте болды. Ауырып та қалған әріптестеріміз болды. Сондықтан, барша әріптестеріме денсаулық, амандық, шығармашылық шабыт тілеймін. Бір-бірімізді қолдап, насихаттап жүрсек журналистер алмайтын қамал жоқ. Мереке құтты болсын!», - деп қортындылады Бақыт Жағыпарұлы.





Соңғы жаңалықтар