Биыл ұлттық жоба аясында 230 мың адам жұмыспен қамтылды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтарды еңбекпен қамту бағытында бірнеше мемлекеттік жоба іске асып жатыр. Толығырақ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықты еңбекпен қамту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу жобасы, сонымен қатар мемлекеттік субсидия арқылы және босаған жұмыс орындарын пайдалану арқылы іске асып жатыр. Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша 230 мыңға жуық адам ұлттық жоба аясында еңбекпен қамтылған. Оның ішінде 182,9 мыңы - мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындары. 181 мыңға жуық шағын және орта бизнес саласында 261 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды», - деді Олжас Ордабаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар вице-министр келтірген дерекке сәйкес 273,5 адам босаған жұмыс орындары есебінен еңбекпен қамтылды.

«Ұлттық жоба аясында ашылып жатқан жаңа жұмыс орындарының дені кәсіпкерлік саласында. Атап айтқанда, 15 мыңға жуық жұмыс орны «Қуатты өңірлер, ел дамуының драйвері» жобасы аясында, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 10 мыңнан астам. Білімді ұлт жобасы бойынша 7,8 мың жұмыс орны, «Жасыл Қазақстан» 3,7 мың, ұлттық рухани жаңғыру 3,3 мың, дені сау ұлт аясында 790 адам еңбекпен қамтылып отыр»,- дейді ол.


Соңғы жаңалықтар