Биыл ҰБТ сұрақтарына қатысты ешқандай ескертулер болған жоқ - Білім министрі

None
None
АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмаларына қатысты ешқандай ескертулер болған жоқ.

Бүгін БАҚ өкілдеріне ҰБТ нәтижесі бойынша эксклюзивті сұхбат берген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, ҰБТ-ны өткізу жұмыстары барынша жан-жақты дайындықпен жүзеге асты. «Біз бұған дейінгі кемшіліктер мен олқылықтарды, ескертулерді зерделеп қана қоймай, он жылдағы жұмысқа сараптама жасап шықтық. Соның арқасында тест тапсырмаларының сапасы жақсарды. Бұны аппеляция нәтижелерінен көруге болады. Мәселен, осы жылдар ішінде 700 аппеляция берілсе, соның 0,1 пайызы ғана қанағаттандырылған. Сонымен бірге, біз әлемдік тәжірибелерді, соңғы жылдардағы ескертпелерді есепке ала отырып, тест тапсырмаларының 50 пайызға жуығын қайта қарап шықтық. Қазақстанның ең үздік педагогтары сауалдар әзірлеуге атсалысты. Сондықтан да биыл тест тапсырмаларына қатысты ешқандай да ескерту болған жоқ», - деді Б. Жұмағұлов.

Оның айтуынша, соңғы жылдары мектеп ұстаздарының да, оқушылардың да тестілеуге деген көзқарастары өзгерді. «Бұрынғыдай 10-11 сыныптарда оқушылар уақытын жаппай тест тапсырмаларын жаттаумен өткізбейді. Ал тест тапсырмаларында ең бастысы, стандартты орындауларға салмақ жасап, логикалық сұрақтардың санын арттырдық. Осының арқасында биыл жақсы көрсеткішке де қол жеткізіп отырмыз», - деді Б. Жұмағұлов. Министрдің сөзіне қарағанда, Елбасының тапсырмасына сәйкес әр облыста тест сапасын бақылайтын департаменттер құрылған.

Соңғы жаңалықтар