Биыл Түркістан облысында 27 елді мекенге табиғи газ жүргізіледі

None
None
ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат - Түркістан облысында 635 елді мекенге таза ауыз су жеткізіліп, қамту деңгейі 75,4 пайызды құрады.

Өткен жылы су құбыры мүлдем жоқ 13 елді мекенге жаңа ауыз су құбырлары тартылып, тағы бір ауылдың тозығы жеткен су жүйелері жаңартылды. Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысының сөзінше, 800 мыңнан астам адамға (310 елді мекен) қолжетімді бағамен ауыз суды жеткізу мақсатында 2 млрд теңге сомасында субсидия бөлінген. Ал, ағымдағы жылы 43 елді мекенге орталықтандырылған ауыз су құбыры салынып, қамтылған жалпы елді мекендер санын 678-ге жеткізу жоспарлануда. Өңірде сондай-ақ тұрғындарды табиғи газбен қамту ісі де жүйелі жүргізілуде.

«2018 жылы 96 табиғи газ нысанының құрылысы жүргізіліп, жыл қортындысы бойынша 62-ісінде құрылыс жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде, 385 елді мекенді немесе 1 млн 72 мың адамды (54,3%) табиғи газбен қамту мүмкіндігі пайда болды. Биылғы жылы 27 елді мекенге табиғи газ жүргізіледі. Көгілдір отынмен қамтылған елді мекендер 412-ге жетіп, қамту деңгейі 48,9% құрайды деп көзделуде»,- деді облыс әкімі.

Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, өңірде сапалы электрмен жабдықтау бағытында да қарқынды құмыстар жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы 22 елді мекен мен 6 қалалық мөлтек ауданның электрмен жабдықтау құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Нәтижесінде, қосымша 35 300 тұрғын сапалы, тұрақты электр энергиясымен қамтылды.

Айта кетейік, облыста 826 елді мекен орталықтандырылған электр желісімен, 16 шалғайдағы елді мекен дербес электр қондырғыларымен қамтамасыз етілген. Ал, ағымдағы жылы 13 электрмен жабдықтау нысанының құрылысын аяқтап, іске қосу жоспарлануда. Нәтижесінде, 15 800 тұрғын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтылатын болады. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданында 220 киловольттік қосалқы станциясының құрылысы басталып, 2020 жылы пайдалануға тапсыру жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар