Биыл Теміртау қаласында қандай өзгерістер болады - әкім есебі

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов тұрғындар алдында есеп берді. Жұртшылықпен кездесуге Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбек те қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теміртаулықтар экология, жылу, сумен қамтамасыз ету, қоғамдық көлік және басқа да әлеуметтік мәселелер туралы сұрады. Атап айтқанда, тұрғындар Теміртау қаласының әкіміне ғана емес, Қарағанды облысының басшысына да өз сұрақтарын жолдады.

Жеңіс Қасымбек 2019 жылы өңірде қол жеткізілген жетістіктер жайлы айтып, жақын арада металлургтер қаласына қатысты көзделіп отырған нақты жоспарлар туралы жеткізді.


«Биыл Теміртауда көпқабатты тұрғын үйлердегі лифттерді ауыстыру бойынша ауқымды бағдарламаны іске қосамыз. Қалада жұмыс істемейтін барлығы 196 көтергіш бар. Жылдар бойы сіздер тоғызыншы қабатқа жаяу көтерілуге үйреніп қалған шығарсыздар. Бұл, әрине, дұрыс емес. Биыл 59 лифт, ал келесі жылы 67 лифт ауыстырылатын болады. Қалғандарын 2022 жылы жаңартамыз. Сондай-ақ, осы жылдан бастап қоғамдық көлікті жаңартуға кірісеміз. Сіздер өздеріңіз көріп отырсыздар, қазіргі жұмыс істеп жатқан автобустар ешбір сын көтермейді – олар ескі және жайлы емес. Теміртауда күн сайын 200 автобус жолға шығады. Алдағы жылдары барлығын ауыстыруды жоспарлап отырмыз», - деді аймақ басшысы.


Сонымен қатар, ол ағымдағы жылы Теміртау қаласында және өңірдің барлық аймағында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысының көлемі ұлғаятынын атап өтті. Осы жылдың наурыз айында қалада 20 мың адамға арналған емхана жұмыс істей бастайды. Сәуір айында 320 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылады. Нысандар «АрселорМиттал Теміртау» қаржысы есебінен салынып жатыр.

Кездесуге келген қала тұрғындарын экология және көгалдандыру мәселесі қызықтырды. Бұл бағыттағы жұмыстар және қара қар мәселесі қалай шешіліп жатқаны туралы Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов баяндап берді.

«Бұл мәселе тұрақты бақылауда. Қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша үш жылдық кезеңге арналған кешенді жоспар әзірленді. Жеке секторды газ отынына көшіру бойынша іс-шаралар жоспарланған. Ол үшін «Сарыарқа» магистральды газ құбыры салынады. Қазір бірінші кезектегі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, жақын арада Әлеуметтік қала шағынауданында және Отрадное кентінде 700 жеке үй газдандырылады. Бұл экологиялық проблемалардың көп бөлігін шешуге көмектеседі», - деді ол.

Ғалым Әшімов өткен жылы қалада 3 984 ағаш отырғызылғанын хабарлады.

Теміртаулықтар сумен қамту мәселесін де қозғады. Ескі қала шағынауданындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары жаз айларында судың қысымы өте төмен және ыстық судың болмайтынына шағымданды. Қала әкімі мамандарға қажетті өлшеулер жүргізуді тапсырды және биыл қалада су құбыры желілерін ауқымды қайта құру басталатынын мәлім етті.

«Бұрын көптеген желілер иесіз болған, біз оларды жөндеуге мемлекеттік бюджеттен ақша жұмсай алмадық. Біз үлкен жұмыс жүргіздік, барлық желілерді паспорттадық, оларды балансқа алдық, жөндеу және жаңғырту үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірледік. Биыл жұмысқа кірісеміз», - деп уәде берді ол.

Сондай-ақ, қала тұрғындарын осы атаулы күнге орай қала стелласын қалпына келтіру және болаттың алғашқы құймаларының 65 жылдық мерейтойын мерекелеу мәселелері қызықтырды.


Соңғы жаңалықтар