Биыл тегін үйірмелерге бөлінетін қаржы былтырғыдан аз болмайды – Жеңіс Қасымбек

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана әкімі Жеңіс Қасымбек тегін үйірмелерге бөлінетін ақша былтырғыдан аз болмайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының Байқоңыр ауданы тұрғындарымен кездесуінде тегін үйірме қызметін көрсетушілер қауымдастығының жетекшісі Қуат Ерғалиев тендер өткізетін платформаны ауыстыру жұмыстары үйірмелердің уақытында іске қосылуына кедергі келтіріп жатқанын мәселе етіп көтерді.

«Бірінші қаңтардан бастап «ArtSport» реформасының бұрынғы қалпы келмеске кетті. Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың 15 қыркүйектегі №265 бұйрығымен әкімдіктерге платформаны таңдауға рұқсат берілген. Бүгінде Астана бойынша бұл тендер өткен жоқ. Тек кеше ғана мәдениет және спорт басқармасы реформаға қатысушылардың бәрін жинап, «Damubala» плтаформасымен үшжақты келісім жасауымыз керектігін айтты. Сонда бәріміз түгелдей жаңа жүйеге көшуіміз керек болып отыр», - деген жоба жетекшісі бір платформадан екіншісіне өтуге кемінде екі ай кететінін айтты.

Әкім платформа ауыстыру жұмыстары кедергісіз аяқталса, қажетті ақша бөлініп дайын тұрғанын айтып, сендірді.

«Мен бұл мәселе бойынша осының алдындағы платформаның өкілдерімен сөйлестім. Министрліктің шешімін де білем. Ақша туралы айтсақ, қазір 4 млрд теңге бөлінеді. Жыл аяғына дейін бөлінетін сома былтырғыдан кем болмайды. Қалған мәселенің бәрін кеңінен пысықтау үшін сіздермен жеке кездесу өткіземін. Мәселені сол кезде нақты талқылайық», - деді Жеңіс Қасымбек.


Соңғы жаңалықтар