Биыл су тасқыны болмайды деп үміттенеміз - Юрий Ильин

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл су тасқыны болмайды деп үміттенеміз. Бұл туралы бүгін Ақмола облысы аумағындағы Вячеславка, Шағалалы жəне Бірсуат су қоймалары мен  Зеренді, Сандықтау, Атбасар, Целиноград аудандарындағы су тасқыны қаупі бар өзендердің (Сілеті, Есіл, Жабай, Нұра) жағдайларын, су тораптарының тасқын суларды өткізуге дайындықтарын тікұшақпен тексерген ҚР ІІМ басшысының орынбасары Юрий Ильин мəлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

Тікұшақ бортында вице-министрмен бірге Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин, ҚР ІІМ ТЖК төрағасы Владимир Беккер бірге болды.

Журналистерге берген сұхбатында вице-министр елімізде көктемгі су тасқынының алдын алу шараларының барысы туралы айтып берді.

"Біз жоспар бойынша бүгін Ақмола облысы аумағын, кеше Солтүстік Қазақстан облысы аумағын əуеден бақыладық. Қазіргі жағдайда қар қоры көп. Дегенмен ауа райының бүгінгі жағдайы мен Қазгидрометтің алдын ала болжамына сəйкес алдағы күндері күн күрт жылынбайды.  Су тасқынының қатерлі мерзімі оныншы сәуірден бастап, биік шыңына жетеді.

Жалпы, Республика бойынша алатын болсақ, барлық өңірлердегі бөлімшелер толық даярлыққа көшіп отыр. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, суы бөгеліп қалатын өздердің бойында мұздың кептелісін болдырмас үшін мұзды жару жұмыстары жүргізілуде.  Қазір негізгі күштер Сырдария өзені бойындағы су тасқынының алдын алуға жұмылдырылуда. Судың ағысын Арал теңізіне дейін бақылауға алып отырмыз.  Ол жақта жағдай тұрақталған соң, құтқарушылар мен техникаларды Ақмола жəне Солтүстік Қазақстан облыстарына жіберетін боламыз", деді Юрий Ильин.

Сонымен қатар, вице-министр ақмолалықтардың да су тасқынына дайындығы ойдағыдай екенін атап өтті.

"Ақмола облысында дайындық жергілікті əкімдіктің жасаған жұмыс жоспары мен төтенше жағдайларды алдын алу шараларына сəйкес жүргізілуде. Атбасарлықтардың тасқын суға қарсы тұруда тəжірибелері мол. Жалпы, биылғы түскен қар еріген кездегі пайда болатын судың деңгейі 2014 жылмен салыстырғанда төмен болады деп болжануда. Сондықтан, адамдар зардап шегіп, материалдық шығын келтірілмейді деп үміттенеміз", деді Юрий Ильин.

Соңғы жаңалықтар