Биыл СҚО жолдарында 12 адам қаза тауып, 100-ге жуығы жарақаттанды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп, нәтижесінде 53 мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 шілде күні таңертең Петропавлдың патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Н.Назарбаев көшесінде «Audi» автокөлігін тоқтатты. Рульде 23 жастағы жүргізуші болған. Жігіттен алкоголь иісі сезілген, медициналық куәландыру оның мастығын көрсетті.

Сол күні сот үкімімен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұдан бөлек, ол алдағы 7 жылда көлік басқара алмайтын болды.

Полицейлер соңғы 10 күннің ішінде облыс жолдарында осындай 53 мас жүргізушіні ұстады.

«Шілденің 2-сі мен 11-і аралығында өткізілген облыстық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының мақсаты – жол-көлік оқиғаларының қаупін төмендету. Жыл басынан облыста 80 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 12 адам қаза тауып, 99-ы жарақат алды. 11 жол-көлік оқиғасында кінә мас жүргізушілерден, олардың кесірінен 2 адам көз жұмып, 15 адам жарақаттанды», - дейді СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.

Жедел-профилактикалық іс-шараның 10 күнінде жолда жүру ережесін бұзудың 4,5 мыңнан астам дерегі анықталды. Соның ішінде маневр жасауға қатысты – 131, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кетудің 72 фактісі және дәл соншама апаттық жағдайды жасау фактісі, сондай-ақ жылдамдықты асырудың 389 фактісі тіркелді.


Соңғы жаңалықтар