Биыл СҚО-дағы өзен-көлдерде 22 адам суға кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл су қоймаларында 22 адам қаза тапса, олардың алтауы - бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Апталық брифингіде СҚО төтенше жағдайлар департаменті мамандары биыл су қоймаларында қаза тапқандар санының көбейгенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Жыл басынан 22 адам мерт болды, өткен жылы осы кезеңінде 9 адам суға кеткен.

«Қаза тапқандардың басым бөлігі суға шомылу маусымында мерт болған. Негізгі себептері – арнайы жабдықталмаған орында суға түсу, ішімдік ішу, баланы ересектің қарауынсыз қалдыру және құтқару жабдығынсыз балық аулау. Күн суытқанымен, су қоймаларынан келер қауіп әлі де жоғары. Өзен-көлдердің бетіне мұз қатып жатыр. Бір қарағанда қалың болып көрінгенімен, ол алдамшы. Кез келген уақытта мұз ойылып кетуі мүмкін», - дейді жедел-құтқару отрядының жетекшісі Марат Әбжанов.

Маманның айтуынша, бір адамның салмағын қалыңдығы 7 см дейін мұз көтереді. Бірнеше адам мұз үстіне қалыңдығы 15 см болғанда ғана шыға алады.

«Әдетте мұз жағаға қарай жұқа болады. Сондай-ақ қамыс өскен жерде де абайлау керек. Қараңғыда, қолайсыз ауа райында мұз үстіне шығуға болмайды. Мұздың беріктігін аяқпен теуіп тексеруге болмайды. Ата-аналардан сұрайтынымыз, қазіргі уақытта баланы мұзға ойнауға жібермеңіздер. Ал оқыс оқиға туындаған жағдайда бірден 112 нөміріне хабарласуға кеңес береміз», - дейді Марат Әбжанов.

Елімізде 1 қазан мен 1 қараша аралығында балық аулауға барған 8 адам суға кеткен. Оның біреуі – бала. Былтыр күзде Мамлют ауданындағы Чистое көлінде бір ер адам суға кетті, оның денесі тек күн жылына табылды.


Соңғы жаңалықтар