Биыл СҚО-да бес ауыл колледжіне 1,3 млрд теңгенің жабдығы алынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Жас маман» жобасы аясында биыл бес ауыл колледжінің материалдық-техникалық базасы жақсарып, 1,3 млрд теңгенің заманауи қондырғыларымен жабдықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Nur Otan» партиясы СҚО филиалы жанынан құрылған білім және ғылымды дамыту бойынша қоғамдық кеңестің отырысында «Жас маман» жобасы аясында атқарылған жұмыс қорытындыланды.

«Жас маман» жобасы облыста биыл екінші жыл жүзеге асып жатыр. Байқау негізінде былтыр сұранысқа ие 100 мамандықты даярлайтын 4 колледж таңдап алынды.

Олар: М.Жұмабаев жоғары колледжі, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжі, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі және Петропавлдың машина жасау колледжі.

Биыл бұл оқу орындарының қатарына бес ауыл колледжі қосылды.

Есіл, Айыртау, Ғ.Мүсірепов атындағы және Тайынша ауданындағы колледждер ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды даярлайды, бесіншісі - М.Жұмабаев ауданындағы кәсіби даярлық және сервис колледжі.

«Жабдықтар сатып алынбас бұрын WorldSkills стандарттары ескеріліп, сұранысқа ие 100 индустриялық және сервистік мамандықтар негізінде қалыптастырылды және жұмыс берушілермен, салалық қауымдастықтармен, өңірлік кәсіпкерлер палатасымен келісілді. Колледждер бұйрық шығарып, қондырғыларды қабылдау жөніндегі комиссиялар құрылды. Оның құрамына қалалық, облыстық мәслихаттардың депутаттары, өңірлік кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енді», - дейді СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко.

Былтыр Петропавлдың 4 колледжіне 1,1 млрд теңгенің заманауи жабдықтары сатып алынды.

Биыл осы мақсатқа «Жас маман» жобасы аясында 1,3 млрд теңге бөлінді.

Қазіргі уақытта конкурстар толық өткізілді, қажетті қондырғылардың басым бөлігі оқу орындарына жеткізілді.

Жергілікті бюджеттен бұл оқу орындарына 179,5 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат жабдықтарды монтаждауға және басқа да мақсаттарға жұмсалды.


Соңғы жаңалықтар