Биыл СҚО-да 3,3 млн тонна астық жиналады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 3,3 млн тонна астық жиналады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астық жинау науқаны аяқталып келеді. Бүгінде 2,8 млн гектар немесе жалпы алқаптың 94 пайызы жиналды. 3 млн тоннадан астам бидай басылды. Орташа түсім - 10,8 центнер. Барлығы 3 млн 300 мың тонна астық жиналады деп күтіледі. Майлы дақылдар алқабының 40 пайызы жиналды»,- деді ол.

Облыс басшысының айтуынша, өңірде жем-шөп дайындау жоспарға сай жүргізіліп жатыр. 848 мың тонна және 338 мың тонна сабан дайындалды. Халықтың жем-шөппен қамтамасыз етілуі 98,2 пайызды құрайды.

«Облыста 167 мың тонна картоп пен 47 мың тоннадан астам көкөніс жиналды. Астық қабылдау кәсіпорындарына 417 мың тонна бидай жеткізілді. Азық-түлік корпорациясының форвардтың әдісі бойынша 348 мың тонна бидай сатып алуға келісім жасалды. Қазір астық элеваторларға жеткізіліп, корпорацияға тапсырылуда. 21 қыркүйектегі жағдай бойынша Азық-түлік коропорациясына 57 мың тонна бидай жеткізілді», - деді Құмар Ақсақалов.

Сонымен қатар ол диқандар келесі жылғы егіс науқанына дайындықты бастап кеткенін айтты.

«Қажетті агрохимиялық әдістер толық көлемде жүргізілді. 140 мың тонна минералды тыңайтқыш себілді. Жыл соңына дейін тағы 20 мың тонна тыңайтқыш себілетін болады. Көктемгі егіске 482 мың тонна тұқым қажет. Бұл бағытта дайындық жүргізіліп жатыр», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар