Биыл шымкенттік 54 отбасы солтүстік облыстарға қоныс аударады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттен солтүстікке көш жалғасып жатыр. Кадр тапшылығын тартқан павлодарлық делегация еңбекқор шымқалалықтарға ұсыныспен келіп, әл-Фараби ауданы әкімдігінде жергілікті халықпен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қонақтар тұрғындарға солтүстікке қоныс аудару шарттары түгел қамтылған мемлекеттік бағдарламаны егжей-тегжейлі түсіндірді. 40 шақты бос жұмыс орнын ұсынып отырған павлодарлықтар 100-ден аса отбасын баспанамен қамтуға әзір екендіктерін жеткізді. Айтуларынша, қоныс аударатын отбасына бір реттік жәрдемақы мен баспананы жалға алу ақысы және коммуналдық төлемдері төленеді. Бұл көмектер «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жүзеге асырылмақ.

Айта кетейік, өткен жылы Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары өтініш білдірген 81 отбасын Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аударуға ықпал еткен. Еңбекке қабілетті 300-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар бүгінде мұғалім, дәрігер, агроном сияқты түрлі мамандықтар бойынша жұмысқа орналасып, тіпті кейбіреулері жеке кәсібін дөңгелентіп отыр.

Сала мамандарының сөзінше, жері құнарлы, сулы да нулы солтүстік жерінде ауыл шаруашылығын түлетуге мүмкіндік мол. Ал, жыл соңына дейін 200-ден аса мүшесі бар 54 отбасын солтүстікке көшіру жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар