Биыл Шымкентте тұрғын үй қорынан 1600-ге жуық пәтер беріледі

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте биыл 1600-ге жуық коммуналдық пәтердің кілттері табыс етіледі. 

Бұл туралы бүгін қала әкімі  Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен әкімшіліктің кезекті жиынында мәлім болды. Басқосуда шым шаһардың тұрғын үй және әлеуметтік нысандарының жай-күйі, құрылыс жұмыстарының барысы талқыға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі. 

Тұрғын үй мәселесі бойынша есеп берген қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тәжібай Егетаевтің сөзінше, шаһарда өткен жылы 60 нысанның құрылысы жүргізіліп, 15 нысан пайдалануға тапсырылған.

Ағымдағы жылы осы салаға бюджеттен 13,5 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылып, 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 11-і (558 пәтер) «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жүзеге асады деп жоспарлануда. Ал жалпы саны 1600 пəтерді құрайтын 13-і коммуналдық (арендалық) тұрғын үй бағдарламасымен пайдалануға берілетін болады. Бұған қоса, "Shymkent city" шағынауданында тоғыз қабатты 5 тұрғын үйдің (пәтер саны - 270) құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алулар конкурсы жарияланып қойды.

Жиын барысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер беру мəселесі де қаралды. Бұл ретте қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов сала басшыларына баспанамен қамту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлердің сапасын бақылау үшін арнайы комиссия құруды және "Шаңырақ" бағдарламасына ерекше көңіл бөлуге нұсқау берді.

Сондай-ақ, шаһар басшысы инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерді жүргізу жұмыстарының атқарылу барысын ортаға салды. Өткен жылы мемлекеттік бюджет есебінен 6,5 млрд теңге қаржы қарастырылып, Шымкент қаласы бойынша 12 инженерлік жүйенің құрылысы жүргізілген. Оның ішінде 3 нысан пайдалануға берілді. Ал, 2017 жылы тоғыз нысанның құрылысына 5,4 млрд теңге қаржы қарастырылмақ.

 

Соңғы жаңалықтар