Биыл Шымкентте 225 көше жөнделеді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Биыл Шымкентте 225 көше жөнделеді. Бұл туралы бүгін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев мәлім етті. Оның сөзінше, жөндеу жұмыстарына бюджеттен 5,4 млрд. теңге қаралған, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығындағы жолдардың мәселесін көтерген жиында бөлім басшысы алдағы жоспарларына тоқталды. Мәселен, ағымдағы жылы жол құрылысы және техникалық қызмет көрсету жұмыстарына 13,7 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Қалаға қарасты Абай ауданындағы 105 көшеде орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4 көшеде аяқжолдар салынады. Ал, Еңбекші, Қаратау, Әл-Фараби аудандарында тиісінше 120 көшеде жөндеу жұмыстары атқарылады деп күтілуде.

Қала жолдарын одан әрі көріктендіру үшін 5 млрд қаржы бөлініп, сарапшылар жаңа жобаларды әзірлеген. Оған сәйкес, жаңадан жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салынып, Астана және Республика даңғылдарын жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
null  

«Осы жылы жеті магистральды көшенің қайта құру жұмыстары басталады. Бұл жұмыстарға 8,7 млрд. теңге шамасында қаражат қаралған. Олар: Төреқұлов, Жібек Жолы, Байтұрсынов, Тассай шағынауданындағы Тәуке Хан көшелері және А-2 тас жолы. Сонымен қатар, «Самал» базарының жанында және Республика даңғылындағы ХҚКО-ның алдында жер асты жаяу жүргіншілер өтпелері салынады. Осыған қоса Темірлан тас жолы бойында жол айырығын салу жұмыстары басталады»,- деді Қ. Жұматаев.

Бөлім басшысы сондай-ақ шаһарда бірнеше нысан пайдалануға беріледі деп отыр. Атап айтқанда, Момышұлы көшесі (Сүлейменов к.-нен Қожанов к. дейін), Әл-Фараби, Қожанов, Арғынбеков көшелеріндегі қайта құру жұмыстары және Темірлан тас жолы мен Мангельдин көшесінің қиылысындағы жер асты жаяу жүргіншілер өткелі ашылады. Сонымен қатар, көлік инфрақұрылымының дамуына бағытталған бірқатар жобалардың сметалық құжаттамалары дайындалуда. Оның ішінде, Бадам өзеніндегі автокөлік көпірін қайта жөндеу, бірқатар шағын аудандардағы көшелерді күрделі жөндеуден өткізу мен Қонаев даңғылының жалғасының құру жұмыстары қолға алынбақ. 

Соңғы жаңалықтар