Биыл ШҚО-дағы 13 ауыл интернетке қосылады – Даниал Ахметов

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің салынуы Күршім ауданының халқына табысты бизнес-жобаларды бастауға жол ашып отырғанын жеткізді.

Бұл туралы аймақ басшысы Күршім ауданына жұмыс сапары барысында, жұртшылықпен кездесу кезінде айтты.

«Тұрғындар көптеген табысты бизнес-жобаларды бастауға мүмкіндік беретін Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің құрылысына көп сенім білдіріп отыр. Аудан халқы бұны 50 жылдан астам уақыт бойы күтті», - дейді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ кездесу барысында ауызсумен және интернетпен қамтамасыз етуге байланысты мәселелер айтылды. Бүгінде ауданның 44 елді мекенінің 25-інде интернет бар.

«Биыл тағы 13 ауылға, келесі жылы қалған 6 ауылға тиісті жабдық орнатылады. Бұдан бөлек, азаматтар Ұранхай және Марқакөл туристік аймақтарына апаратын жолдарды жөндеу қажеттігін жеткізді. Күршім ауданы шекара маңындағы аумақтарды дамыту бағдарламасына кіреді. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылып отыр. Алдағы уақытта аудандық ауруханадағы перзентхана жөнделеді», - деді ШҚО әкімі.

Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы 2019 жылы Үкіметке Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірге Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу үшін қаржы бөлу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын.



Соңғы жаңалықтар