Биыл Семейдің 14 көшесі жөндеуден өтеді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Биыл Семейдің жолдарын жөндеу үшін былтырмен салыстырғанда екі есе көп қаражат бөлініп отыр.

Жоспарға сай, 14 көшеде орта, 80 көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы ҚазАқпарат ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ағымдағы жылы Семейдің орталық бөлігі және Жамақаев пен Шмидт атындағы көшелерге дейінгі Ленин көшесінің аумағын абаттандыру жоспарланған. Сондай-ақ, қалада жағажай жасау үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлену үстінде. Бұдан бөлек, гүлзарлар, ағаштар отырғызылып, саябақтар, скверлер мен алаңдарды көркейту ісі де жалғасын табады. 

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, «Менің аулам» бағдарламасы аясында биыл 611 миллион теңгеге көпқабатты тұрғын үйлердегі 62 аула абаттандырылады. Аулаішілік аумақтар асфальтталып, жарықтандыру, ағаш отырғызу, спорт және балалар ойын алаңын орнату сияқты бірқатар жұмыстар атқарылады. 

 «Биыл Семейді абаттандыруға 2017 жылмен салыстырғанда 500 млн теңгеге, ал жол жөндеуге 1 млрд теңгеге көп қаржы бөлінді. Бұл өте жақсы. Қаланы көгалдандыру ісіне ерекше көңіл бөлу керек. Сонымен қатар, орталық саябақты жөндеу жобасын қайта қарауды тапсырамын. Заманауи стандарттарға, қазіргі күннің талабына сай болуы тиіс. Қыруар қаражат бөлінуде, сондықтан жұмыс сапалы әрі уақтылы атқарылуы тиіс», - деп атап өтті Даниал Ахметов.

Ағымдағы жөндеу жұмысы қаладағы 70 көшеде жүргізіледі. Жақын уақытта орта жөндеу 20 шақырымды құрайтын 14 көшеде басталады. Мичурин, Белібаев, Орманды көшелерінің жүргін бөлігі мен тротуарлары күрделі жөндеуден өтеді. 

Соңғы жаңалықтар