Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 47 жинақ шығарылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты 47 жинақ шығарылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті - 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық, құқықтық және саяси ақтау. Мемлекеттік комиссияның жұмысы аясында Бас прокуратура 2,4 млн-нан астам құжатты, Жоғарғы сот 1086 архивтік істі, Ішкі істер министрлігі 5 мың құжатты құпиясыздандырды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті саяси қуғын-сүргіндерге байланысты 5,5 мың материалды жария етті және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының 229 нормативтік құқықтық актіні құпиясыздандырды», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, Мемлекеттік комиссияның баспа қызметі жоспарына сәйкес, 2021 жылы 5 мың данадан тұратын «Өте құпия» атты екі жинақ шығарылды. Олар: Құпиясыздандырылған нормативтік құқықтық актілер және 1920-1930 жылдардағы байларды, кулактар мен середняктарды тәркілеу және кулактарды тәркілеу бойынша құжаттар мен материалдар.

«2022 жылы 47 кітап, монография мен жинақ шығару көзделген. Мемлекеттік комиссия қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың жаңа санаттарын айқындап, олардың ғылыми-сараптамалық негіздемесі берілген қорытындыны дайындады. Ғалымдар мен сарапшылар қолданыстағы заңнамамен қамтылмаған 10-нан астам жаңа санатты айқындады. Сонымен қатар Мемлекеттік комиссия ақтау, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, тәуелсіздік үшін күрескерлердің есімдерін жаңғырту бойынша жұмыстарды жалғастыруда», - деді Әлихан Смайылов.

Соңғы жаңалықтар