Биыл Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күн қалай атап өтіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында аштық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жұмыстары қалай ұйымдастырылатынын айтқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесіне сәйкес 31 мамыр күні - Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Осы атаулы күн аясында республика бойынша еске алу шаралары мен экскурсиялар ұйымдастырылып, телеарналарда Алаш қайраткерлерінің мұрасы дәріптеледі. Ақпараттық жұмыс аясында мемлекеттік телеарналарда тақырыптық сериалдар мен деректі фильмдер көрсетіледі», - деп жазады вице-Премьер.

Биыл 31 мамырда телеарналарда көрсетілетін өнімдердің тізімі жасалып жатқан көрінеді.

«Оның ішінде «Алаш» қозғалысына арналған бағдарламалар мен деректі фильмдер әзірленуде. Былтыр Мәдениет және спорт министрлігі «Cаяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары» архивтік жинағын басып шығарды. Сонымен қатар Алаш қайраткерлерінің мұрасын жастарымызға жеткізу мақсатында 2023 жылы жалпы білім беру мектептерінде арнайы сынып сағаттары өткізілетін болады. Осындай шаралар жоғары және орта арнаулы оқу орындарында жоспарланған», - делінген жауапта.


Соңғы жаңалықтар