Биыл республикалық маңызы бар қандай жолдар пайдалануға беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейін «Орталық-Шығыс» дәлізі бойынша Астана-Павлодар және Павлодар-Семей бағыттары пайдалануға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде елімізде республикалық және өңіраралық күре жолдар халықаралық талаптарға сай салынып жатқаны белгілі. Жоспарға сай 2020 жылға дейін барлығы 7 мың шақырым жол қайта жаңғыртылады. Осы тұрғыда мемлекеттік бағдарламаның басты жобаларының бірі - «Орталық-Шығыс» дәлізі бойынша Астана-Павлодар және Павлодар-Семей бағыттары бүгінде қолданысқа дайын.

«Астана-Павлодар бөлігінің 20 шақырымдық бірінші учаскесі қараша айында дайын болады. Жол 3 жол айрығы, су өткізгіш 31 шағын құбыр, мал өтпесі бар 2 көпірден тұрады. Әр бөлігі ені 3 метр 75 сантиметрді құрайтын 4 жолақтан тұрады. Үстіміздегі жылдың соңына дейін Астана-Павлодар және Павлодар-Семей бағыттары пайдалануға беріледі», - деді «ҚазАвтоЖол» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Нұралы Тойымбетов баспасөз турында. 

Аталған жол еліміздегі «Орталық - Шығыс» көлік артериясының бір бөлігі болып табылады және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы нысандардың қатарына кіреді.

«Бұл - 4 жолақтан тұратын I-A санаттағы бетон жол. Жолдың жалпы ені - 15 м. Жол төсемі - цемент-бетон қаптама, қалыңдығы - 25 см. Учаскені қайта жөндеу тек жол төсемін ғана емес, сонымен қатар, барлық қосалқы жұмыстарды қамтиды. Атап айтқанда, су өткізу құбырларын, мал өтпелерін, жол өтпелерін, көпірлер мен көлік жол айрықтарын салу. Және бұл автобус аялдамаларын, автопавильондар мен демалуға арналған алаңдарды есептемегенде», - деді жоба жетекшісі Ерлан Жаңабаев.

Оның айтуынша, аталған жобаның ерекшелігі - жол толығымен басынан бастап төселді, бұл өз кезегінде жол қашықтығын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, «Орталық-Шығыс» дәлізінің жалпы ұзындығы - 1 мың 16 шақырым. Осыдан 6 жыл бұрын басталған жоба арқылы Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарын жалғайтын күре жолдар кеңейтіліп, бірінші және екінші санат талаптарына сәйкестендіру басталды. Жобаның толық аяқталу мерзімі - 2019 жыл.

Соңғы жаңалықтар