Биыл республика аумағында 1 млн түп ағаш отырғызылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 3 қазан күні еліміздің барлық мектептерінде экологиялық сағат өткізіледі. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«3 қазанда еліміздің барлық мектептерінде экологиялық сағат өткіземіз. Оған үкімет мүшелері, барлық деңгейдегі әкімдер қатысады. Бұл экологиялық сағаттың басты мақсаты – балаларымызды экологиялық бағытта тәлім-тәрбие беру. Ол жылына 3-4 рет өткізілетін болады. Экологиялық сағатты өткізгеннен кейін балалармен бірге мектеп учаскесінде ағаш отырғызу науқанын өткіземіз. Біздің есебіміз бойынша осы науқан барысында 200 мыңға жуық ағаш отырғызылады. Бұл ең алдымен балаларымызды табиғат пен экологиялық ахуалға жанашырлықпен қарауға бейімдеу үшін жүргізіледі», - деді министр экологиялық кодексті талқылауға арналған шара аясында.

Сонымен қатар, ол 12 қазан күні ағаш егуге бағытталған республикалық акцияның өтетіндігін айтты.

«12 қазан күні біз ағаш отырғызуға бағытталған жалпы республикалық акция өткізуді жоспарлап отырмыз. Толықтай алған, күздің соңына дейін республикада 1 миллионға дейін ағаш отырғызылады деп күтеміз»,- деді М.Мырзағалиев.

Соңғы жаңалықтар