Биыл Петропавлда 650-ге жуық бейнекамера орнатылмақ

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көшедегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында жаңа технологиялар қолданылып жатыр. Қазір өңірде тек бейнекамералардың ғана 32 мыңы жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдиновтың айтуынша, «қолжетімді полиция» қағидатын жүзеге асыру аясында Петропавлда халық көп жүретін орындарға «SOS батырмасы» шұғыл шақыру жүйесі орнатылды.

«Дабыл бірден жедел шара қолдану үшін Жедел басқару орталығына түседі. Қазір облыс орталығында осындай жеті дабыл түймешесі жұмыс істейді. Олар өз нәтижесін беріп жатыр. Жеті шақырту түсті, соның бірі – Н. Назарбаев көшесінде орналасқан «Северный» супермаркеті маңында зергерлік бұйымдарды тонауға қатысты. Қылмыс ізі суымай ашылды», - дейді Айдын Қабдұлдинов.

Полицияға смартфонға орнатылған «102» мобильді қосымшасы арқылы да хабарласып, көмек сұрауға болады. Ол арқылы Жедел басқару орталығына аудио, бейнебайланысқа шығуға мүмкіндік бар, сондай-ақ қылмысты немесе құқық бұзушылықты фотоға түсіріп, жіберуге болады.

Қосымша іске қосылғалы оны мыңнан астам адам қолданған. Нәтижесінде, заңды бұзған 513 адамға әкімшілік хаттама толтырылды.

«Қоғамдық тәртіпті сақтауда бейнебақылаудың берері мол. Бұл – әлемдік тәжірибе. Былтыр көше камераларының көмегімен 163 қылмыс ашылды, 20 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

Қазіргі уақытта СҚО-да 32 мың бейнекамера бар, оның 7 мыңға жуығы Жедел басқару орталығының жүйесіне қосылған. Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында биыл тағы 1 244 бейнекамера осы жүйеге қосылмақ. Сондай-ақ, Петропавлда 643 бейнекамераны орнату жоспарланған», - дейді Айдын Қабдұлдинов.

Бұдан басқа Жедел басқару орталығына мектеп, балабақша, колледждер мен университеттің бейнекамераларын қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 218 нысанның 3,5 мыңнан астам бейнекамерасы қосылды.


Соңғы жаңалықтар