Биыл пайдаланылмай жатқан 3,84 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл республика бойынша 2,7 млн гектар жерге жоспардан тыс тексеру жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрліктің жер ресурстарын басқару комитеті республика бойынша 2,7 млн гектар жерге жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде 1,9 млн га жерге 732 ұйғарым енгізілді. Оның ішінде 306,2 мың га алаң бойынша 107 материал сот органдарының қарауында жатыр. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін 1,3 млн гектарды құрайтын ауыл шаруашылығы жері игеріле бастады. Сонымен қатар, жерге қатысты қабылданған шешімдердің заңдылығын анықтау бойынша 140 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның нәтижесінде жер заңнамасын бұзу фактілерін жою туралы 101 нұсқама берілді. Жалпы бүгінгі таңда мемлекетке пайдаланылмай жатқан 3,84 млн га жер қайтарылды», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев ОКҚ-да өткен брифингте.

Оның айтуынша, 2023 жылдың соңына дейін 10 млн га пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жері бойынша нақты шешім қабылданады.

«Аталған жұмысты орындау үшін қосымша 200 штат бөле отырып, жер инспекциясының құзыретін нығайту керек. Сондай-ақ, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау үшін мониторинг жүргізу қажет. Одан бөлек, өңір әкімдіктері және облыс әкімдерінің жер қатынастарына жетекшілік ететін орынбасарларының жауапкершілігін күшейту керек болып отыр», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар