Биыл пайдаланылмаған жерлерді қайтаруға қатысты шаралар іске асырылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аграрлық-өнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына 2019 жылдың қазан айында өзгертулер енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Аграрлық-өнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына 2019 жылдың қазан айында өзгертулер енгізіледі. Оның ішінде Аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы мен айқындылығын қамтамасыз ету, Аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің өзара міндеттемелерінің жиынтығын айқындау, өңдеу зауыттарын жаңғыртуға/қайта құруға Трансұлттық корпорацияларды тарту, жер ресурстарын ұтымды пайдалану шараларын қабылдау ескерілген», - деді Ж. Қасымбек.

Сонымен қатар ол «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингі »АҚ қызметінің тиімділігін арттыру мәселесіне де тоқталды.

«Бизнес-процестердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және тиімділігін арттыру мақсатында «ҚазАгро» холдингінің трансформациялық бағдарламасы дайындалды. 2020-2029 жылдарға арналған Холдингтің жаңа стратегиясының жобасы әзірленіп, саланың негізгі басымдықтары ескерілді. Бизнес-процестер мен құрылымды оңтайландыруды толық автоматтандыру жүзеге асырылады. Холдинг шетелдік мамандарды тартады», - деді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бөлек ол Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Бас прокуратура пайдаланылмаған жерлерді анықтау және оларды айналымға тарту бойынша іс-шаралар жоспарын бекіткенін мәлім етті.

«Биылғы жылы жер мониторингі, жерді пайдалану, қорғау, мемлекеттік бақылау және жер телімдерін бөлу үдерістерін автоматтандыру, сондай-ақ пайдаланылмаған жерлерді айналымға алу және қайтару жөніндегі шараларды қамтамасыз ету бойынша заңнаманы жетілдіру жоспарлануда», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар