Биыл Павлодар облысында ана өлімі тіркелмеген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында 2018 жылдың алты айы ішінде бір де бір ана өлімі тіркелмеген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Денсаулық»   мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында  өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев айтты.

«2016-2019 жылдар аралығында елімізде жүзеге асырылатын «Денсаулық» бағдарламасы аясында 36 индикатор белгіленген. Осыған сәйкес аймақтағы денсаулық сақтау саласының қызметі айқындалады. Жарты жылдың ішінде аталмыш бағдарламаның барлық көрсеткішінің 95 пайызы орындалған. Мұндағы басты индикатордың бірі ана өлімін төмендету болып табылады», -- дейді Ораз Мұқашев.  

Спикердің айтуынша, былтыр  мақсатты көрсеткіш 11,2-ні құраған.  Яғни, өткен жылғы осындай кезеңде ана өлімі бойынша 16.5 пайыз көрсеткішпен тиісті индикаторға қол жеткізілмеген болса, ағымдағы жылы ана өлімі орын алмаған. Бұл бағытта барлық емханалармен және медициналық ұйымдармен бірге ауқымды жұмыс жүргізіліп, «Жол картасы» мен кешенді шаралар жоспары енгізілген.   Бұдан басқа, өңірдің бас дәрігері сәби өлімі бойынша да көрсеткіш  азайғанын атап өтті.

«Былтырғы жылы  индикатор 8,8 промиллеге тең болса, биыл 5,7-ге азайды. Мемлекеттік бағдарламаның мақсатты көрсеткіші  - 7,2 промилле. 2017 жылы 53 және биыл 33 бүлдіршін  шетінеп кеткен.  Оның ішінде көптеген жағдайда   балалардың мерзімнен бұрын   және төмен салмақпен  дүниеге келуі себеп болған», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар